ОРАЛ. 17 қараша. ҚазАқпарат - БҚО төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдарында 5 жедел бригада, 14 арнайы техника қысқа толық дайын. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашев өткізген, аудандар мен облыстық басқармалар басшылары қатысқан селекторлық кеңесте төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қадыр Бисембаев мәлім етті.
Департамент бастығы төтенше жағдайлар туа қалған жағдайда облыс және аудандар тұрғындарын хабарландыру жүйесі туралы да әңгімелеп берді. Ол, әсіресе, көптеген аудандағы білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінде өрттен хабар беретін жүйенің жоқтығына назар аударды.
БҚО жұмылдыру әзірлігі, азаматтық қорғаныс, апаттар мен дүлей зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының бастығы Кәрім Жақыпов аудандарда адамдар суықтан тоңған жағдайда жылыту бекеттерінің жоқтығын айтты. Сондай-ақ жолдың қарын тазалайтын арнайы техниканың дайындығы да ойдағыдай емес.
Алдағы желтоқсанда қар бірінші және үшінші онкүндікте жауады, ал күн 30 градусқа дейін айдың аяғында суытады деген болжам айтылуда. Алайда қыс тоқмейілсуді көтермейді.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Мерген Мағутов коммуналдық кәсіпорындардың қысқа дайындығына тоқталды.
Кеңесте сондай-ақ облыс аудандарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасының орындалу барысы да талқыланып, нақты тапсырмалар берілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).