Батыс Қазақстанда 709,6 мың тонна мал азығы дайындалды

ОРАЛ. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 8 тамыздағы мәлімет бойынша 1917,2 мың га шабындық шабылып, өнімділігі 3,7 ц/га құрап, 709,6 мың тонна шөп (қажеттіліктен 71,9 пайыз) дайындалды,

өткен жылдан қалған шөпті (63,9 мың тонна) қоса есептегенде 773,5 тонна немесе қажеттіліктің 78,4 пайызы шамасында шөп қоры бар.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, өткен жылдың осы күні 659,7 мың тонна мал азығы болған, өсім 113,6 мың тонна. 1,0 мың тонна пішендеме дайындалды, облыс шаруашылықтары сүрлем дайындауға кірісіп кетті, 1,5 мың тонна сүрлем дайындау жоспарлануда. Астықты аудандардағы шөп жетіспеушілігі дәнді дақылдар сабанымен толықтырылатын болады, бүгінде 40 мың тонна сабан үйілді.

Шөп шабу жұмыстары Бөрлі ауданында ұйымшылдықпен жүргізілуде, жоспардағы 40,0 мың тоннаның орнына өткен жылғы қалдықты қоса есептегенде 51,2 мың тонна немесе 128 пайыз, Жәнібек ауданында өткен жылғымен қосқанда 74,0 мың тонна немесе 98,7 пайыз, Сырым ауданында 65 мың тонна немесе қажеттіліктің 81,2 пайызы дайындалған.

Алдағы қыста 503,5 мың шартты мал басы болады деп болжанса, соған 987 мың тонна пішен қажет.