Батыс Қазақстанда 9924 адам жұмысқа орналасып, 8320 жұмыс орны ашылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биылғы 1 қазандағы есеп бойынша 9924 адам жұмысқа орналасып, 8320 жаңа жұмыс орны ашылды.

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Кемел Сәдбековтің сөзіне қарағанда, соның ішінде 5099-ы жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы еңбек орнын тапты. Қоғамдық жұмысқа 6156 адам жіберілсе, соның 83,6 пайызы ауылдық жерде тұрады. Әлеуметтік жұмыс орындарына 2148 адам жолданса, соның 1623-і жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы барды. Жастар тәжірибесіне 1382 түлек (1191-і жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы) жолданды. Кадрларды даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыруға 1245 адам (403-і жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы) жіберілді.

Жыл басынан бері бос жұмыс орындарының 43 жәрмеңкесі өткізіліп, соның нәтижесінде 1239 адам жұмыс тапты, 69-ы кәсіптік оқуға жолданды.

Өңірде тоғыз айда жұмыспен қамту органдарына 16282 адам жолығып, жұмыссыз ретінде 2518-і тіркелген. Бұл облыстағы экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,5 пайызын құрайды.