Батыс Қазақстанда адвокаттар жетіспейді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында, жалпы елімізде адвокаттар жетіспейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БҚО әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Хамидолла Куставлетов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстанда «Адвокаттық қызмет туралы» тұңғыш Заң бұдан жиырма жыл бұрын, 1997 жылы қабылданған. Елімізде аталмыш заң аясында құқықтық көмек тегін көрсетілуде. Жыл сайын мұндай тегін көмекті Қазақстанда 150 мыңға жуық адам алып отыр. БҚО-да осы жыл басынан бері 3140 азамат тегін құқықтық көмек алған (2016 жылы - 2991). Күні бүгін Қазақстандағы адвокатура республикалық және 16 аумақтық алқадан құралған. Адвокаттардың жалпы саны 4 мыңнан асады. Соған қарамастан, олар әлі күнге жеткіліксіз. Адвокаттардың көмегіне мұқтаж азаматтар оны ала алмайды немесе өте қымбат бағаға жүгінеді. 

Қазіргі таңда БҚО-да 1 адвокаттар алқасы жұмыс істеуде, оған 151 адвокат мүше. Соның 122-сі Орал қаласында, 29-ы аудандарда қызмет көрсетеді. Мәселен, Бөкей ордасы, Қазталов, Жаңақала аудандарында бір-бір адвокаттан ғана бар (республика бойынша орта есеппен 4 мың адамға 1 адвокаттан келеді. Италияда бұл көрсеткіш - 260, Германияда - 500, Ұлыбританияда - 900).

«Адвокаттық және құқықтық көмек жүйесін дамыту туралы» жаңа Заң жобасында Pro bono тәсілін енгізуге, яғни халықтың әлсіз топтарына тегін құқықтық көмек көрсетуге зор мән берілген. Шетелдерде адвокаттың беделі оның әлеуметтік жауапкершілігімен тығыз байланысты. Тұрмысы төмен азаматтарға көмек беру арқылы ол қоғамдағы өзінің беделін біршама арттырады.

Жалпы, осы саладағы көптеген олқылықтың орнын толтырып, түйткілді мәселелерді шешу үшін аталмыш Заң жобасына біраз жаңалықтар енгізіліп отыр. Мысалы, адвокаттар алқасына кіру жарнасын төлеуге заң жүзінде тыйым салынбақ (күні бүгін кіру жарнасы 680 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейін құрайды, бұл адвокаттық қызметпен шұғылданғысы келгендерге едәуір кедергі келтіруде). Сондай-ақ адвокаттардың құқықтық мәртебесін нығайту, оларға қосымша құқықтар мен кепілдіктер беру бағытында өзгерістер болмақшы. Адвокаттар Кәсіби этика кодексін, Қазақстан Республикасының адвокаты антын, құқықтық көмек көрсету қағидаларын, өзінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру мәселелерін қатаң сақтауға және орындауға міндетті. Сол секілді адвокаттың жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізіліп, оған үміткерлерді аттестациядан өткізу тәртібіне талап күшейтілмек.  Адвокаттық кеңсе мәртебесі кеңейтілмек. Қазақстанда 149 адвокаттық кеңсе жұмыс істейді. Коммерциялық емес ұйым түрінде құрылған адвокаттық кеңселердің қызметін талдау көрсеткендей, олар осы заманғы талаптарға сай емес, құқықтық көмекті тиімді көрсете алмай отыр. Заң жобасында адвокаттық кеңсе өз алдына дербес коммерциялық емес ұйым ретінде қарастырылды. Адвокаттық кеңсеге құрылтайшы болған адвокаттар өз араларында бір-бірімен әріптестік шарт жасасады, адвокаттық кеңсеге құқықтық көмек көрсету жөнінде шарт жасасу құқығы беріледі.

Жаңалық ретінде Құқықтық көмек көрсету туралы комиссия институты заң жүзінде бекітіледі. Ол құқықтық қызмет көрсету субъектілері, олардың клиенттері және құзырлы органның арасындағы тепе-теңдікті жүзеге асыратын болады. Оның құрамына ҚР Жоғарғы сотының, ҚР Бас прокуратурасының, құқықтық кеңесшілер палатасының, республикалық адвокаттар алқасының, республикалық нотариалдық палатаның, республикалық сот орындаушылар палатасының өкілдері және тәуелсіз өкілдер кіреді.

Заң жобасындағы өзгерістердің бір бөлігі коммерциялық, жеке практика заңгерлеріне арналды (Заң жобасында бұл субъектілер заң кеңесшілері деп аталады). Жобада заң кеңесшісінің мәртебесі, оның қызмет түрлері, құқытары мен міндеттері айқындалды, заң кеңесшісінің міндетті сақтандырылуы қарастырылды, өз-өздерін реттейтін ұйымдар - заң кеңесшілері палаталарын құруға құқық берілді, сотта тұлғалардың мүдделерін қорғайтын жеке тұлғалар палаталарына міндетті түрде мүшелікке өтуі ұйғарылды.

Тұтас алғанда, аталмыш Заң жобасы адвокаттар тарапынан азаматтарға көрсетілетін құқықтық көмектің жоғары сапасын қамтамасыз етуді,  кәсіби этиканың биік стандарттарын қалыптастыруға ықпал етуді көздейді.

Брифингке қатысқан БҚО адвокаттар алқасының адвокаты Ғалымжан Ищанов, «JMC GROUP» ЖШС бас директоры Анастасия Ветрова жаңа Заң жобасына қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.