ОРАЛ. 2 қазан. ҚазАқпарат - Қаратөбе ауданының Үшана ауылында 1969 жылғы ер адам алты жыл бойы ағасының қыздарын айуандықпен зорлап келген.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, 2007 жылы 13 және 10 жасар апалы-сіңлілі қыздардың анасы қайтыс болады. Сол кезден олар үшін үрейге толы күндер басталады. Бір күні әкесінің інісі 13 жасар қарындасын үй жинау үшін шақыртып алып, зорлап тынады. Қазір 18-ге келген қыздың сөзіне қарағанда, ол бұл сұмдықты қорқып айтпаған. «Ағасы» егер біреу біліп қалса, қарындастарын да, әкесін де өлтіретіндігін мәлімдеген. Ол аз болғандай, «үй жинау» сылтауымен 10 жасар сіңлісі де зорланады. Бұл зорлық-зомбылық осылай созыла берер ме еді, егер кішісі жүкті болып қалмағанда. Биылғы қыркүйекте дәрігерге қаралғаннан кейін 15 жасар қыз шындықтың бәрін жайып салды. Қыздардың әкесі полицияға арыз берді.
Қазіргі кезде күдікті ұсталып, қылмысын мойындады. Оған қатысты ҚР ҚК 120-бабы 4-тармағымен (зорлау) қылмыстық іс қозғалды. Күдікті еш жерде жұмыс жасамаған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).