Батыс Қазақстанда ардагерлер ұйымының 25 жылдығы аталып өтілді

ОРАЛ. 31 мамыр. ҚазАқпарат - 30 мамыр күні Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда облыстық ардагерлер ұйымының құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты мәжіліс өткізілді.

Онда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, осыдан ширек ғасыр бұрын құрылған облыстық ардагерлер ұйымы өңірдегі оң істерге белсене қатысып, өздерінің лайықты үлесін қосып келеді. Саны ең көп қоғамдық ұйым да - ардагерлер ұйымы. Атқарушы билік қашанда ардагерлерді қолдайды және мүмкіндігінше көмек көрсетеді. Соғыс және еңбек ардагеріне қамқорлық та назардан тыс қалмайды. «Сіздердің жас ұрпақ тәрбиесіне етене араласып, ақыл-кеңес, аталық сөздеріңізді жастарды жат діни ағымдар мен қоғамдағы өзге де кеселді көріністерден сақтандыруға жұмсай беретіндеріңізге сенемін», деді Нұрлан Асқарұлы.

Облыстық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов ұйым тарихы туралы қысқаша баяндама жасады. Оның айтуынша, республикалық  ардагерлер ұйымы қазір 1 млн. 700 мыңнан астам соғыс және еңбек, тыл ардагерін біріктіріп отыр. Облыстағы ұйым құрамында 73 мыңнан астам адам бар. Соның 400-ден астамы - соғыс ардагерлері. Жыл сайын 500-ге жуық соғыс және еңбек ардагері «Ақжайық» шипажайында демалып, сауығып  қайтады. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ, «Алтим» құрылыс фирмасы, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ ардагерлер ұйымына демеушілік танытуда.

Соғыс ардагері Бисен Жұмағалиев, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ректоры Қазыбай Бозымов, Ақжайық аудандық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы Ғилаж Лұқпанов құттықтау сөз сөйледі. Салтанатты мәжіліс соңында облыс ардагерлерінің үндеуі жария етілді. Соңынан жекелеген ардагерлерге марапат қағаздары табыс етіліп, сый-сияпат көрсетілді. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.