Батыс Қазақстанда атқару құжатына сәйкес мемлекет пайдасына 196 млн. астам теңге өндірілді

ОРАЛ. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облыстық соттар әкімшісі биылғы ақпанның 23-інен бірінші тоқсанның аяғына дейін сот шешімдерін жүзеге асырып, тиесілі алымдарды өндіру шараларына орай арнайы айлық жариялап, соның қорытындысын шығарды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық соттар әкімшісінің орынбасары Жандос Саматовтың айтуынша, сол мерзімде өткен жылдан қалғанды қоса есептегенде, сот әкімшісінің 21923 атқару құжаты болған. Қала мен аудандағы 90 сот орындаушысының белсенді іс-әрекетінің нәтижесінде соның күні бүгінге 9057-сы орындалған. Қалғаны орындалу үстінде. 7927 атқару құжатының орындалуы арқасында мемлекет пайдасына 196 миллион 247 мың теңгеден астам алым өндірілген. Олар - негізінен әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысты мемлекет пайдасына өндірілген төлемдер. Салық комитетінің есебіне 82 миллион 600 мың теңгеден астам айыппұл мен түрлі мемлекеттік төлемдер аударылды. МАИ-ға тиесілі 4631 орындалу құжатының күні бүгінге 4177-сі жүзеге асырылып, 2 миллион теңгеге жуық айыппұл мемлекет қазынасына түсті.