Балалар демалысы үшін Жаңақала ауданында да жағдай жасалған. Аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы бұдан бұрын екі жыл қатарынан 170 баладан үш күндік шатырлы лагерь ұйымдастырса, биыл он кезекпен 280 баланы табиғат аясында тынықтырып әрі шынықтыруды көздеп, жұмысын бастап кетті.
Орталық директоры Алпамыс Есмағұловтың айтуынша, мақсат - балаларды табиғат аясында өзіне-өзі қызмет етуге, өз өлкесін танып, білуге, ортаны қорғап, күтуге, ұйымшылдыққа, өз бетімен әрекет етуге үйрету.
Орталық жұмысы жыл санап жақсарып келеді. Биыл жергілікті бюджеттен 2,5 миллион теңге бөлініп, аудан мектептеріне біраз туристік құрал-жабдықтар алынды. Бір туристік құрамада алты адам болса, күні бүгін алты мектепте толық кешенді туристік жабдықтар бар. Бұған қосымша аудандық орталықтың өзінде сегіз шатыр, екі үлкен қайық, он суға түскенде киетін қауіпсіздік кеудешесі алынып, пайдаланылуда.
Қазіргі кезде М.Жүнісов атындағы , №3 қазақ жалпы білім беретін мектептердің, Ә.Жангелдин негізгі мектептің балалары келіп, көл жағасындағы талдар саясына шатырларын құрып, жайғасып алған. Бір топ көлдегі құстарға бақылау жүргізуде, екінші топ айдында серуендеу үшін қауіпсіздік кеудешелерін киіп, екі қайыққа бөлініп отырып жатыр. Араларында жолбасшы ұстаздары бар.
- Келгенімізге екі күн болды. Шатырмен далада түнеу, табиғатты тамашалап, зерттеу, қайықпен серуендеу, алау жағып, жаңа достармен әндер айту, тамақ дайындау қызық екен. Демалысымыз өте жақсы өтуде, - дейді М.Жүнісов атындағы мектептің сегізінші сынып оқушысы Бейбарыс Хамиев.
- Шатырлы лагерьде демалу біткен соң, жоспарымыз бойынша экскурсияға шығу басталады. Өткен жылы оқушылар облыстың кейбір аудандары мен Атыраудың Сарайшық қаласына барды. Биыл облысымыздың алты ауданы мен Ақтөбе қаласына бару жоспарланды, - дейді орталық директоры.