Батыс Қазақстанда Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған шара өткізілді

ОРАЛ. Сәуірдің 26-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы орталығындағы Ж.Досмұхамедов атындағы Өлеңті орта мектебінде облыс жастары Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдығын атап өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігі мен «Жас Отан» жастар қанатының аудандық бөлімшесі ұйымдастырған «Өрлікпен өрілген өмір» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында үш ай бойы жинақталған жастар жұмыстарының қорытындылары шығарылды. «Бауыржан Момышұлы тұлғасының әдебиетте бейнеленуі», «Бауыржан Момышұлы - елшіл ер, ұлтжанды тұлға, қыран қайраткер», «Бауыржан Момышұлының жазушылық қыры» аталымдары бойынша үздіктер анықталып, олар дипломдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Самара қаласынан келген Зоя Әсімова майдан жылдарында Қазақстанда құрылған №100 және 101-бригада сарбаздарының тағдырына қатысты үш жылдан бері жүргізіп келе жатқан жұмысының нәтижесімен, алдағы жоспарларымен таныстырды. Бауыржан Момышұлы туралы «Аңыз бен ақиқат» атты роман жазған Әзілхан Нұршайықовпен ұялы телефонмен байланысқа шығу арқылы майдангер жазушы жастарға игі тілегін жеткізді.