Батыс Қазақстанда бір автокөлік өртенді және ірі жол апаты орын алды

ОРАЛ. 18 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында 17 қарашада бір автокөлік өртеніп кетіп, енді бір жол апатынан үш бірдей адам көз жұмды.

Орал қаласында Мұхит және Сарайшық көшелерінің қиылысында «УАЗ» автокөлігі отқа оранды. Абырой болғанда, адам өлімі орын алған жоқ. Өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп, 80 пайызы жанып кеткен автокөліктің жарылуына жол берген жоқ. Кейін анықталғанындай, автокөлік РУ-170/1 мекемесіне тиесілі болып шықты.

Кеше Подстепный-Елек жолының Қанай ауылы тұсында үш адамның, соның ішінде жеті жасар баланың өмірін жалмаған жол апаты орын алды. Облыстық жол полициясы басқармасы баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Нива» автокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, «FAW» маркілі автобуспен соқтығысқан. Соның салдарынан «Нива» жүргізушісі мен жолаушы әйел және жеті жасар бала оқиға орнында көз жұмды. Үлкені 11 жастағы тағы екі бала жарақатпен ауруханаға жеткізілді.