Батыс Қазақстанда бір күнде 13 мың киік есепке алынды

ОРАЛ. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында киік санағы жүргізілуде,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бастығы Қайрат Қадешевтің айтуынша, санақ ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Зоология институты мен «Охотзоопром» РМҚК мамандарының қатысуымен жүргізіледі. Ұшақпен бірінші күні Жәнібек ауданы аумағын аралаған кезде 13 мың киік есепке алынған. Киіктер Жаңақала, Жәнібек, Бөкей ордасы, Қазталов, Тасқала аудандарының аумағын мекендейді. Соңғы кезде Ақжайық өңірінде де қоныстанатын болған. Мамыр айының алғашқы күндеріне дейін ұшақпен санаушылар осы аймақтардың бәрін аралап шығады.

Орал өңірінде 2007 жылы 15,5 мың бас киік есепке алынса, 2008 жылы олардың саны 18,7 мың басқа, өткен жылы 26,6 мыңға жеткен. Мамандардың айтуынша, биылғы қысты киіктер жақсы өткерген, көп шығынға ұшырамаған. Сондықтан биылғы өсім де жақсы болуы тиіс.