ОРАЛ. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында күй анасы атанған Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына арналған шаралар өтуде.
Күйшінің туған жері Жаңақала ауданында қос бірдей шара ұйымдастырылды. Аудандық мәдени-демалыс орталығында «Күй құдіретіне тағзым» атты Қ.Жантілеуов атындағы музыка мектебі домбырашы-ұстаздарымен кездесу өткізіліп, онда тағылымды әңгімелер айтылып, Дина күйлері орындалды. Ал «Күй анасы» атты кеш Д.Нұрпейісова атындағы Жаңақала аудандық өнер мұражайында өтті. Кеште күйшінің өмір жолы таныстырылып, өнер залына шолу жасалды. Күйшіге арналған өлеңдер оқылып, «Қазақстан-Орал» телеарнасы мұрағатынан алынған Динаның орындауындағы күйлер көпшілік назарына ұсынылды.
Д.Нұрпейісованың 150 жылдығына арналған шаралар жыл бойы жалғасып, Батыс Қазақстанда республикалық деңгейде де ұйымдастырылатын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).