ОРАЛ. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында тамыздың 30-ында бірнеше өрт оқиғасы тіркелді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, Қазталов ауданы орталығында Б.Нығметов деген азаматқа тиесілі 10 тонна пішен жанып кетті, сондай-ақ 72 шаршы метрді шарпыған өрт 19 метр аула қоршауын да сау қалдырмады. Сол күні осы ауданның Жалпақтал ауылында К.Сәрсеновтің қора-қопсысы отқа оранды. Бұл екі оқиғаның себеп-салдары, келген шығын, кінәлілер анықталуда.
Сондай-ақ «тілсіз жаудан» Орал қаласының маңы да аман қалмады. Қалаға қарасты Серебряков кенті маңында 30 және 35 гектар жердің құрғақ шөбі өртенсе, №1 училише, құс фабрикасы, бірінші және екінші саяжай, Бортау, Желтау, Зеленов ауданы «Асан» агрофирмасы, Теректі ауданы Шаған ауылдық округінің Социализм елді мекені, Ақсай қаласы Жастық көшесі маңындағы осындай жерлер де отқа ілікті. Соның салдарынан көк түтін исі кеше Орал қаласына да жетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).