ОРАЛ. 15 қазан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Дипломмен - ауылға» бағдарламасына сәйкес биыл жыл аяғына дейін ауылдарға 500-дей маман бармақ.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім бастығы Райса Еркеғалиеваның айтуынша, мамандарға биыл біржолғы көтермеақы беру үшін 102,267 млн. теңге бөлінді. Күні бүгін ауылдарға 329 маман орналасты. Олардың 70 пайыздан астамы мұғалімдер болса, 15 пайызы - медицина, қалғаны - басқа сала қызметкерлері. Биыл алғаш рет оннан астам мал дәрігері де бағдарламаның шапағатын көрді.
Сонымен қатар мамандар баспаналы болуы үшін 672,279 млн. теңге несие қарастырылған. Бұл сома несие шарты бойынша келесі жылғы 25 қазанға дейін игерілуі керек.
«Дипломмен - ауылға» бағдарламасына сәйкес үш жыл ішінде өңірде 2 мыңнан астам жас маман өз орындарын тапты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).