ОРАЛ. Желтоқсанның 28-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстанда «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бөлінген 46 млн. 341 мың теңге толықтай игерілді.
Бұл туралы облыстық жастар мәслихатының ХVІІ сессиясында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім бастығы Райса Еркеғалиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның сөзіне қарағанда, 506 жас маман ауыл-аймаққа тұрақтаса, 464-і әлеуметтік қоржынға ие болған. Олардың 397-сі - мұғалім, 67-сі - дәрігер, 10-ы - әлеуметтік сала қызметкері, 30-ы - мәдениет, екеуі - спорт маманы. Ауылға әлі 610 маман қажет.
Сессияда сондай-ақ басқа да бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Сонымен қатар студенттерді жолақы жеңілдіктерімен қамтуда кедергі болып отырған жайттарды жою қажеттігі де сөз болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).