ОРАЛ. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында соңғы күндері екі бірдей жасөспірім суға кетті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 25 мамыр күні Ақжайық ауданы Есенсай ауылының 1996 жылғы тұрғыны Құмөткел өзенінде суға түсуге болмайтын жерден шомылам деп батып кеткен. Оның денесін судан ағайын-туыстары шығарып алған.
Бір күннен кейін осы аудан орталығы Чапаев ауылының 1999 жылғы тұрғыны Бударин каналына суға кеткен. Ол да суға шомылуға болмайтын жерден түскен.
Бұл - осымен биылғы үшінші оқиға. Бұдан бұрын Жаңақала ауданы Бірлік ауылында сегіз жасар бала Көшім өзеніне суға кеткен болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).