Батыс Қазақстанда «Экскурсоводтар мектебі» жобасы қолға алынды

ОРАЛ. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы биылдан бастап «Экскурсоводтар мектебі» атты облыстық мұражай және оның филиалдары меңгерушілерінен кәсіби тәжірибе үйрену дәріс-жобасын қолға алды.

Мұндағы мақсат - экскурсоводты экскурсия жүргізуге қажетті түрлі әдіс-тәсілдермен қамтамасыз ету, ол үшін қажетті дағды қалыптастыру, толық ақпарат беру.

25 сәуір күні өткен алғашқы дәріске мұражай экскурсоводтар, ғылыми қызметкерлер, логопед, психолог мамандарын жинады. Қатысушылар жобаның мақсат-міндеті, жылдық жұмыс жоспары және күтілетін нәтижемен танысты.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Әбіл Жоламанов «Экскурсовод кім, оған қандай талаптар қойылады?» деген сұрақтар төңірегінде тұщымды ой айтса, шара барысында логопед Жанар Қыдырғожина сөз сөйлеу техникасына арналған дәріс оқып, экскурсоводтармен бірге  бірнеше жаттығу-тренинг өткізді. Сондай-ақ арнайы шақырылған психолог маман Алтыншаш Матаева музей қызметкерлерімен тест-тренингтер орындап, экскурсоводтарға экскурсия жүргізу кезінде қажет болатын пайдалы кеңестермен бөлісті. Сабақ барысында «Экскурсовод және оған қойылатын талаптар» атты дәріс оқылып, тыңдаушылардың назарына слайд-шоу, бейнефильм ұсынылды. Дәріс соңында музейдің бөлім меңгерушілері кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін айта отырды, жобаның жалғасын табуына тілектерін білдірді.

Жоба бүгін де жалғасын тапты. Бұл жолы экскурсоводтар жоспар бойынша музей қорын аралап, экскурсия тыңдады. Сонымен қатар Достық даңғылы бойымен қала экскурсиясы ұйымдастырылып, көрікті ғимараттардың тарихымен танысты.