11:40, 08 Сәуір 2009
Батыс Қазақстанда Елбасы Жолдауын насихаттауға байланысты арнайы семинар ұйымдастырылды
ОРАЛ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО-ның Зеленов ауданы орталығы Переметный ауылында Елбасы Жолдауын насихаттауға байланысты арнайы семинар өткізілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Арту» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған оқу семинарында дағдарыстан қиналмай шығу үшін Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға әр адамның да үлес қосуы керектігі айтылды. 54 мыңнан астам халқы бар Зеленов ауданында қазіргі кезде 10 үгіт-насихат тобы құрамында 96 адам жұмыс жасауда.
Аталмыш бірлестіктің төрағасы, облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» ХДП фракциясының жетекшісі Бауыржан Тұмановтың айтуынша, семинар мақсаты ? үгіт-насихат топтарына әдістемелік көмек көрсету, Жолдау мақсатын нақты түсіндіру. Екіншіден, бұл жұмысқа қоғамдық ұйымдар мен жергілікті үкіметтік емес ұйымдарды тарту, олардың мүмкіндіктерін арттыру. Үшіншіден, жергілікті жердегі халықтың Жолдауға байланысты қандай ойлары бар, өздерінің қандай үлес қосқысы келетінін білу. Осы орайда жиынға қатысушылар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.