Онда Қазталов аудандық электр жүйесі электр монтерлері бригадасы әріптестерінен озып шығып, жеңімпаз атанды.
Сайысқа қатысушыларды облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев құттықтап, өңір дамуында энергетиктердің үлесі мол екендігін атап көрсетті. Оның айтуынша, облыс бойынша электр қуатын тұтынудың өсімі 7-8 пайызды құрайды. Сондықтан электр қуатының қосымша көздерін іздестіру керек. Бұл бағытта жұмыстар жасалуда. Атап айтқанда, Елбасы тапсырмасына сәйкес Пойма стансасы маңында қуаты 150 мегаватт газтурбиналы стансасының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Сонымен қатар жеке инвестормен 200 мегаватт газтурбиналы станса құрылысын салу мәселесі шешілуде. Сонымен қатар шалғайдағы Жәнібек ауданында модульдік газдизельді турбина құрылысын бастау қарастырылуда. Өйткені оңтүстік аудандар электр қуатын Ресейден алып отыр. Бұл экономикалық тұрғыда тиімсіз. Қарашығанақ-Орал газ құбырынан Орал жылу-электр орталығына қосымша мұнайгаз құбырын тарту да көзделуде. Алдағы шілде айында оның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалмақ.
Өңірде 21 мыңнан астам шақырымға созылатын электр желісі болса, соның көбі тозығы жеткен деуге болады. Сондықтан жоспарға сәйкес желілерді жөндеу жұмыстары жалғасады. Дегенмен қаржы бөлінуіне байланысты желілерге сенімділік 5-7 пайызға артты. Тозығы жеткен желі бұрын 70 пайыз болса, қазір 60 пайыз шамасында.
«Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» соңғы жылдары жас мамандарды оқытуға ерекше мән беріп келеді. Олар өндірістік машықтан тікелей кәсіпорында өтеді. Әсіресе, жас мамандардың да шеберлігін шыңдайтын жыл сайынғы аталмыш байқаулардың маңызы зор.