Батыс Қазақстанда инвестиция көлемі 76,9 млрд. теңгені құрады

ОРАЛ. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биылғы жеті айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 76,9 млрд. теңгені құрады.

Облыстық статистика департаментінен түскен мәліметке қарағанда, инвестицияның қомақты бөлігі, атап айтқанда, 68,9 пайызы өнеркәсіпке жұмсалды. Сондай-ақ 11,4 пайызы жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға, 5,5 пайызы көлік және қоймалауға, 5,1 пайызы білім беруге, 1,7 пайызы кәсіби, ғылыми және техникалық қызметке, 1,4 пайызы ақпарат және байланысқа, 1,3 пайызы мемлекеттік басқару мен саудаға бағытталды.

Инвестиция көлемі негізінен Бөрлі (33,0 млрд. теңге), Зеленов (19,3 млрд. теңге) аудандарына және Орал қаласына (17,5 млрд. теңге) тиесілі.