Батыс Қазақстанда «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасына сәйкес 2013-2020 жылдары 1793 мың текше метр тұрғын үй бой көтермек

ОРАЛ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасына сәйкес 2013-2020 жылдары 1793 мың текше метр тұрғын үй бой көтермек.

Облыс әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, Елбасы Жолдауындағы тапсырмаға орай Қазақстанда «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы жасалғаны белгілі. Бағдарламаның аты айтып тұрғанындай, бұрын екінің бірі ала алмайтын баспана енді қолжетімді болмақ. Әсіресе, көпшілікті толғандыратыны төлемақысы екені сөзсіз.  Енді әр шаршы метр бағасы - 80-100 мың теңге, ал орташа айлық төлемі - 50 мың теңге болады. Мысалы,  40 шаршы метр пәтерге бұрын айына 86 мың теңге төлесе, енді орташа 30-50 мың теңге төлейтін болады.

Бағдарламаның ең тиімді бағыттарының бірі қазақстандық ипотекалық компания желісі арқылы жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын дамыту болып отыр. БҚО-да осы бағыт бойынша 2020 жылға дейін 160 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын болады.

Келесі бағыттың бірі - «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі бойынша тұрғын үйге қол жеткізу. Бұл бағыт бойынша облыста көзделген мерзімде 134,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынбақ.

Жеке тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету - бағдарламаның басым бағытының бірі. Облыста жыл сайын 120-150 мың шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысы жүргізілетін болады.

Тағы бір жағымды жаңалық - бұдан былай тұрғын үй кезегінде тұрғандарға және жас отбасыларға арнап жалға берілетін баспана салынады. Биыл Орал қаласында жас отбасыларға арналған төрт 90 пәтерлік үйдің және Ақсай қаласында бір 90 пәтерлік үйдің құрылысы басталмақ. Үй кезегінде тұрғандар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 10480 млн. теңге бөлінеді. Бұл қаржыға 98,3 мың шаршы метр үй салынып, кезектегі 1640 отбасына баспана берілетін болады. Қысқасы, «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін облысқа мемлекеттен 79,5 млрд. теңге бөліну жоспарлануда. Бұдан басқа «Қазақстандық иппотекалық компания» АҚ қаржысы  есебінен тұрғын үйлер салынады. Облыс бойынша 2013-2020 жылдары 1793 мың текше метр тұрғын үй салынып, 30 мың отбасы үй алады, соның ішінде 2,9 мың кезекте тұрғандар баспаналы болады.