ОРАЛ. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-да «Құқық тәртібі» жедел алдын алу іс-шарасы барысында екі күнде 26 қылмыс тіркеліп, оның 25-і ізі суымай ашылды.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, бұрын жасалған 6 қылмыс ашылып, іздестірілуде жүрген екі қылмыскер ұсталды, 4 есірткі қылмысы анықталды. Сондай-ақ заңсыз сақталған 17 қару тәркіленді. Осы мерзімде 856 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді.
Тамыздың 24-інде «Учужный» саяжай қоғамында 1971 жылғы С. деген азаматшаның үйінің ауласынан шұңқырға жасырылған полиэтиленді пакет табылды. Одан ИЖ-17 маркалы 12 калибрлі шолақ мылтық, ИЖ-27 маркалы қос ұңғылы мылтық, ИЖ-79-8 маркалы газды пистолет, оқ-дәрі және басқа құралдар табылды. 17 жасар М-ның бұл қару-жарақты өгей әкесінен ұрлап алып, досының үйінің ауласына жасырғаны анықталды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).