Орталық мешітке келген жұртшылықты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Құрбан айт мейрамымен құттықтады. «Дүние жүзіндегі барша мұсылманның ұлық мейрамы - Құрбан айт құтты болсын. Бұл күні Алла тағаладан тілеген тілектеріңіз, оқыған дұғаларыңыз, берген қайыр-садақаларыңыз қабыл болсын. Еліміз дамуының басты шарттарының бірі бейбітшілік пен тұрақтылық болса, бұған рухы биік, иманы берік мұсылман қауымы да сүбелі үлестерін қосып келеді. Елбасымыздың жүргізіп отырған салиқалы саясаты арқасында Қазақстанда тыныштық пен татулық салтанат құрып, мемлекетіміз қарқынды даму үстінде. Еліміз бен ұрпақтарымыздың болашағы сіздер мен біздердің қолымызда. Ендеше, жарқын да өнегелі істеріміз көбейіп, мәртебеміз биіктеп, мерейіміз өсе берсін», деді өңір басшысы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов жамағатты ұлық мерекемен құттықтап, құрбан шалудың тәртібін еске салды. Бұдан кейін жиналғандар айт намазына жығылып, шын ниеттерімен дұға етті.
Айта кетейік, Орал қаласында құрбан шалатын арнайы орындар (үш мешіт және «Ел ырысы» базары) белгіленді. Құрбан айт мейрамы аудандарда да кеңінен аталып өтілуде.