Батыс Қазақстанда «Мектепке жол» іс-шарасы барысында қолдау-көмек күтетін балалар барынша толық қамтылмақшы

ОРАЛ. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстанда «Мектепке жол» іс-шарасы барысында қолдау-көмек күтетін балалар барынша толық қамтылмақшы. Бұл туралы облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің бөлім бастығы Кенжәлі Төремұратов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, өткен жылы өңірде сабаққа қатынасуы нашар 725 бала анықталған болатын. Биыл осымен үшінші рет өткізіліп отырған аталмыш іс-шара аясында өткен жылы бюджеттен бөлінген қаржыдан тыс демеушілерден түскен 8,961 млн. теңгеге мыңға жуық балаға оқу құралы, киім-кешек алынса, биыл тамыздың 20-сына дейін екі мыңнан астам жеткіншекке 5 млн. теңгенің жәрдемі берілген, мұның 3 миллионы қайырымды адамдар есебінен жасалып отыр. Бюджет қаржысына әлеуметтік жағынан аз қамтылған 10 мыңнан астам балаға оқу құралдары мен мектеп формасы берілмек.

Тамыздың 15-25-і аралығында барлық аудан орталықтары мен Орал қаласында мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұнда мектеп киімдері, оқу құралдары, спорттық киімдер барынша төмен бағамен сатылды. Қалада сондай-ақ «Жүрек жылуын аямайық!» атты іс-шара өткізілмекші, мұның барысында аз қамтылған 589 отбасы балаларына мектеп формалары мен оқу құралдары тегін үлестірілмекші.

«Мектепке жол» қыркүйектің 30-ына дейін созылады.