мемлекет және қоғам қайраткері Тәтіғали Қожановтың 115 жылдығына орай және алаш арыстарын еске алуға арналған «Азаттық үшін күрескен алаштың арыстары» атты конференция өтті.
Т.Қожанов - қазақтың алғашқы арнаулы білімді агрономдарының бірі. 1898 жылы дүние есігін ашқан ол қазіргі Батыс Қазақстан өңірінде көптеген қызметтер атқарды. Сондай-ақ Семей губерниялық жер басқармасының бастығы, мемлекеттік жер тресі басқармасының директоры, Алматы облысы Іле және Еңбекшіқазақ ауданында партия комитетінің хатшысы, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстары жер бөлімдерінің бастығы, Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Жер халық комиссариатының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1939 жылы «халық жауы» атанып, 10 жылға бас бостандығынан айрылды. 1941 жылы Хабаров өлкесінде көз жұмған Т.Қожановтың есімі ұмытылмақ емес.
Жерлестері жөнінде тағылымы мен танымы мол кешке аудан басшылары, Тәтіғали Қожановтың ұрпақтары, ауыл ақсақалдары, музей, мәдениет қызметкерлері, кітапханашылар жиналды.
Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Әбіл Жоламанов, облыстық тарихи-өлкетану музейі қор бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Каулановалар Алаш қайраткері Тәтіғали Қожановтың өмірі мен қызмет жолы туралы баяндама жасады. Ал ұрпақтары атынан қызы Мамлакат Қожанова, немересі Серік Жанғалиұлы аталары жөнінде деректер келтіріп, естеліктерін әңгімеледі. Арнайы дайындалған бейнебаян тамашаланды.