Батыс Қазақстанда Наурыз мерекесі кеңінен тойлануда

ОРАЛ. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында Наурыз мерекесі кеңінен тойлануда.

Өңірде 14 наурызда көрісу айтымен басталған мейрам түрлі мәдени шаралармен жалғасуда. Айталық, облыс кітапханаларында Наурызға арналған кітап көрмелері, тақырыптық кештер ұйымдастырылса, музейлер мен мәдениет үйлерінде, мекеме-ұжымдарда мерекелік шаралар өтуде. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде бүгін «Таңғажайып өрнектер әлемінде» атты этнографиялық көрме ашылса, қазақ драма театрында «Бақ-берекем, әз Наурыз» атты театрландырылған концерт қойылмақ. 22 наурыз күні Орал қаласында, сондай-ақ барлық облыс аудандарында мерекелік шаралар ұйымдастырылып отыр. Оралда киіз үйлер тігіліп, қала алаңдарында концерттік бағдарлама қойылмақ. Кешкісін Сырым Датұлы алаңында мерекелік концерт отшашуға ұласпақ.