ОРАЛ. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО-ның Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында өмірден ерте кеткен ақын Сағат Әбдуғалиевті еске алу кеші болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
1948 жылы дүниеге келіп, 1984 жылы қайғылы қазаға ұшыраған ақын рухына тағзым етушілер алдымен оның бейітінде болып, құран бағыштады.
Сағат Әбдуғалиевтің өмірі мен шығармашылығы жөнінде жергілікті ақын Тілес Жазықбай баяндама жасаса, аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова, республикалық «Арыс» баспасынан шыққан «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның» атты кітабын құрастырған Табылды Досымов ізгі тілектерін білдіріп, Сағаттанудың басталғанын атап өтті. Атыраудан арнайы келген, кезінде ҚазМУ-да ақынмен бірге оқыған «Атырау» газетінің бөлім редакторы Ғайнолла Зинуллин естелігін айтты.
Таяуда Оралдағы «Ағартушы» баспасынан С.Әбдуғалиевтің тағы бір кітабы «Жанымның жалғыз бұлбұлы» деген атпен жарық көрген болатын. Оған өлеңдерімен қоса тұңғыш рет ақын туралы естеліктер де енгізілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).