Компанияның баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Елбасы тапсырмасына сәйкес аталмыш жоба «Эни» итальяндық компаниясымен бірлесе отырып, 2009 жылғы 5 қараша күні жасасқан ынтымақтастық туралы шарт аясында жүзеге асырылады. Жобаны «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100 пайыздық еншілес компаниясы - «ҚМГ салынатын кәсіпорындар дирекциясы» ЖШС басқарады.
Енді 2013-2014 жылдары қазақстандық жобалау мекемелерінің қатысуымен жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді, оларды таңдау 2013 жылғы қаңтар айының соңына дейін аяқталады.
«ҚМГ салынатын кәсіпорындар дирекциясы» ЖШС бас директоры Нұрлан Балғымбаевтың сөзіне қарағанда, газ өңдеу зауытының аймақтың дамуы және Қазақстаннығ күллі мұнайгаз саласы үшін маңызы зор. Құрылыс барысында 3500-ге дейін адам тартылады, бұл өңір халқын жұмыспен қамтуға қосылған қомақты үлес болмақ. Ал зауыт іске қосылған кезде 700-дей адам еңбек етпек.
Қуаты жылына 5 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыты Қарашығанақ кенішінде шығарылатын күкіртті ілеспе көмірсутекті газды өңдейтін болады.
Жобаны жүзеге асырудағы басты мақсат - қазақстандық тұтынушылар үшін өз тауарлы газымызды өндіру, Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерін, соның ішінде Астана қаласын тауарлы газбен қамтамасыз етумен бірге өнімді сыртқа шығару.
Газ өңдеу зауытының бірінші кезегін 2014-2019 жылдары, екінші кезегін 2021-2023 жылдары іске қосу жоспарлануда.