Батыс Қазақстанда сәуір айының алғашқы күндерінде-ақ сегіз мыңнан астам киік есепке ілікті

ОРАЛ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында сәуір айының алғашқы жеті күнінде 8200 бас киік есепке ілікті,

бұл өткен жылдың осы кезеңінде жүргізілген санақ барысындағы киік санынан екі мың басқа көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық орман және аң шаруашылығы инспекциясы бастығының орынбасары Ерсайын Шатиновтың айтуынша, өңірді киіктің еділ-жайықтық тобы мекендейді. Өткен жылы киік саны 18 мыңға жетті. Аз да болса, жыл санап өсім бар. Биылғы киік санағы жөнінде толық мағлұмат зоология институтында өңдеуден өткеннен кейін маусым айында белгілі болады. ҚР Білім және ғылым министрлігі зоология институтының инженері Александр Грачевтің пікірінше, үйірдегі аталық текенің аздығы алаңдатады. Тек мықты аталықтан ғана жақсы төл туады. Сондықтан киікті, әсіресе, оның аталығын аман сақтау ? табиғат байлығын қорғаушы инспекторлардың ең басты міндеті. Жалпы, Қазақстанда киіктердің азаюы назар аударуды қажет етеді. Егер 1992 жылғы санақ бойынша елімізде 1 млн. 200 мыңдай киік болса, бүгінгі деректер бойынша олардың саны 60-70 мыңнан аспайды.