Атап айтқанда, шаруашылыққа «Basis Group KZ» ЖШС инновациялық жел генераторы мен 10 күн тақтайшасын орнатты.
Компанияның құрылтайшысы әрі басшысы Естай Ибрагимовтің сөзіне қарағанда, серіктестік бұған дейін Ақтөбе облысында 50-ге жуық гибридті қондырғыны іске қосқан. Оның қуаты - 10 кВт. Гибрид 5 киловатты күннен, 2 киловатты желден алып, айнымалы токты тұрақты қуат көзіне айналдырғанда, 10 киловат өндіріледі. Шамадан тыс күш түспесе, әр бөлігі Германиядан әкелінген қондырғы жиырма жылға шыдайды. Сондай-ақ өзіне жұмсалған шығынды алты-жеті жылда ақтайды.
«Ғайни» ШҚ басшысы Ж.Айсиевтің айтуынша, қуат үнемдегіш кешен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қолдауымен 8,2 млн. теңгеге лизингтік жолмен он жылға алынды. Егер таяу маңдағы трансформатордан электр желісі тартылса, оған 100 млн. теңге кетер еді.
Қазіргі кезде шаруа қожалығы аумағында жұмыртқа беретін 2500 тауыққа арналған құс фермасы салынуда. Қуат көзі оған жетеді. Бұл ферма жұмыртқамен бүкіл ауданды қамти алады. Тауыққа қоса қаз, күркетауық өсіру көзделуде.
Бұдан он жыл бұрын құрылған «Ғайни» ШҚ негізінен ірі қара өсірумен айналысады. Мұнда қазір 100 бас қазақтың ақбас сиыры бар. Сонымен қатар қожалықта Шыңғырлау колледжінің шәкірттері жыл сайын тәжірибеден өтеді.
Айта кетейік, облыста мұндай қондырғы алғаш рет орнатылып отыр.