ОРАЛ. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында соңғы екі жылда газбен қамтуды қаржыландыру елеулі түрде өсіп отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне қарағанда, БҚО елді мекендерін газдандырудың аймақтық бағдарламасына сәйкес 2006 жылы - 292 млн., 2007 жылы 301 миллионнан астам теңге бөлінсе, өткен жылы 2,8 миллиард теңгеге жуықтаса, 2009 жылы 2,6 млрд. теңгеге жетті. Биыл газдандыру жұмыстары облыстың тоғыз ауданында жүргізілуде. Зеленовтың Чинарев ауылына газ құбыры тартылса, Ақжайық ауылдарында тоғыз медпункт «көгілдір отынға» қосылды. Жыл аяғына дейін «Қарашығанақ-Орал» газ құбырының бірінші кезеңі аяқталып, Теректінің біраз ауылдарына газ жеткізіледі. Жалпы, бұл жоба бойынша 92 мыңнан астам халық тұратын 145 елді мекенге газ тартылмақ. Биыл облыстан ең шалғай Бөкей ордасы ауданында Мұратсай-Орда бағытында салынып жатқан газ құбырын жыл соңында аяқтау жоспарланса, келесі жылы аудан орталықтары Жымпиты мен Қаратөбеге газ жеткізу көзделіп отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).