ОРАЛ. Желтоқсанның 2-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Желтоқсанның 2-сінде "Нұр Отан" ХДП облыстық филиалы жанындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда сыбайлас жемқорлықпен күресте үздік нәтиже көрсеткен мемлекеттік органдар мен қызметкерлердің есімдері аталды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күресті бейнелейтін үнпарақтар конкурсы да мәреге жетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Негізгі мақсаты жемқорлыққа қарсы пиғылды қалыптастыру, азаматтардың белсенділігін арттыру, мемлекеттік қызметшінің тынымсыз кәсіби өсуін ынталандыру, озық тәжірибені өзгелерге үлгі ретінде ұсыну болып табылатын байқау екі аталым бойынша өткізілді. Алғашқы "Үздік мемлекеттік бөлім" аталымы бойынша бұл жолы байқауға негізінен аудандар қатыстырылды. Қоғамдық кеңес мүшелерінен құралған қазылар алқасы байқауға жұмыстарын ұсынған Ақжайық, Жәнібек, Қазталов, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарының арасынан ақылдаса келе Ақжайық аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін үздік деп тапты.
"Өз кәсібінің үздігі" аталымы бойынша озып шыққандар мен үнпарақтар конкурсының жеңімпаз-жүлдегерлері де марапатталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).