Батыс Қазақстанда тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 6,7 млрд. теңге бөлінді

ОРАЛ. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 2012 жылға 6,7 млрд. теңге бөлінді.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, жылдың соңына дейін 52,3 мың шаршы метр несиелік және 8,4 мың шаршы метр коммуналдық (жалдамалы) тұрғын үйлерді іске қосу жоспарланып отыр.

Жеті ай ішінде қаржы 97 пайызға игерілді, 114,4 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтеріп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 144 пайызды құрады.

2013-2020 жылдар аралығында барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 1768,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру немесе 30 мыңдай отбасыны, сонымен бірге кезекте тұрған 2,9 мың отбасыны тұрғын үймен қамтып, олардың тұрғын үй жағдайын жақсарту көзделіп отыр.

Сонымен бірге өңірде жеке тұрғын үй құрылысының көлемін көбейту үшін қарқынға жаңа серпін қосар тетіктерді іздестіру ойластырылуда. Әрбір пәтер иесі үйлерді басқару ісіне нақты қатысып, осы бағдарламадан пайда көретіндей болуы өте маңызды. Осыған орай 1 желтоқсанға дейін жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру мен «тиімді меншік иесін» қалыптастыру жөнінде ұсыныстар жинақталмақ.