Оның айтуынша, ғылым мен өндірістің бірлігі жас ұрпақты қазіргі заманғы біліммен қаруландырып қана қоймай, сонымен бірге еліміздің инновациялық-индустриялық дамуын жеделдетуге септеседі. Бұл ретте ғылыми зерттеулер жүргізудің маңызы зор. Осы орайда Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде бірқатар тәжірибе жинақталған. Университет бірнеше жылдан бері Самараның техникалық ЖОО-ларымен, Ресей инженерлік академиясымен байланыс жасап келеді. Ресейлік әріптестер шекаралас қазақстандық-ресейлік ЖОО-лардың ғылыми алаңын құруды ұсынды.
Осы бағытта «Зерттеу университетінің мақсат-міндеттері» атты құжат дүниеге келіп, соған сәйкес жұмыстар жасалуда. Мұнда ақпараттық-телекоммуникациялық және компьютерлік технологияларды дамыту, табиғат көздері мен биологиялық жүйелерді тиімді пайдалану, әлеуметтік-гуманитарлық білім мен технологияға басым бағыт беріліп отыр. Университет базасында колледж, техникалық мектептен басқа «Транс», «Экожержоба» ғылыми институттары жұмыс жасайды. Олар бірнеше жылдан бері зерттеу ісімен нақты шұғылданып келеді. Мәселен, «Конденсат» АҚ-ның «МГУ-400» қондырғысында алаулы газды тазалау үшін жабдық кешені, сондай-ақ «Металл бұйымдары» бірлескен кәсіпорнының ыстық мырыштау цехының қоршаған орта үшін қауіпсіздіктері зерттелді.
«Қазақстан білімі мен ғылымын дамыту бағытында Елбасымыз үлкен міндеттер қойып отыр. Сол биіктен шығу, әлемдік ғылым деңгейіне ілесу үшін әлі де көп еңбектенуіміз керек», дейді техник-ғалым А.Әйтімов.
17:00, 11 Қараша 2010
Батыс Қазақстанда университет ғылымын өндіріспен ұштастыруға нақты негіз бар
ОРАЛ. 11 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстанда университет ғылымын өндіріспен ұштастыруға нақты негіз бар. Бұл туралы ҚР Ұлттық инженерлік академиясы БҚО филиалының төрағасы, Қазақстан инновациялық және телекоммунициялық жүйелер университетінің басшысы Ақсерік Әйтімов мәлім етті.