ОРАЛ. 2 қазан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық аудандық сотының қаулысымен ҚР ҚК 141-1-бабы 2-бөлімінің «а» (қинау) тармағы бойынша азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыс жасады деп айыпталған үш полиция қызметкері қамауға алынды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, алдын ала тергеу органдары үш полиция қызметкері мас күйде жүріп, 2011 жылы Жаңақала ауданы Қызылоба ауылында орын алған К. есімді азаматтың қолды болған 17 бас жылқы малының ұрлығын мойындату мақсатында Ақжайық ауданы Ақсуат ауылының екі тұрғынын ұстаған және оңаша жерге шығарып қинап, аяусыз жәбірлеген деген айып тағып отыр.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Үш полиция қызметкері ұсталып, Орал қалалық ішкі істер басқармасы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Үшеуіне де аталған қылмыс бойынша айып тағылды.
Прокуратура қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға санкция беру жөніндегі өтінішпен сотқа жүгінді.
Ақжайық аудандық соты БҚО прокуратурасының үш полиция қызметкеріне қатысты екі айға дейін бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішін қанағаттандырды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).