Батыс Қазақстанда ұтымды, өзін ақтайтын спорт түрлеріне баса мән берілмек

ОРАЛ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстанда ұтымды, өзін ақтайтын спорт түрлеріне баса мән берілмек.

Сол сияқты ірі жарыстарға іріктеу сындарынан мүдірмей өтіп, бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеген, жүлделі орындардан үміткер спортшылар ғана жіберілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық туризм, спорт және дене тәрбиесі басқармасында өткен алқа мәжілісінде басқарма бастығы Қоныс Жетпісов Елбасы Жолдауына сәйкес бюджеттік қаржы қатаң үнемделетінін атап өтті. Қазіргідей дағдарыс жағдайында шақыру қағаздары келген сайын спортшыларды жарысқа жібере беру тиімсіз болмақ. Қалалық спорт және дене тәрбиесі бөлімінің бастығы Азамат Нұрмұханбетов таяуда Оралда балалардың аула клубтарын дамыту туралы арнайы бағдарлама қабылданғандығын жеткізді. 2009-2011 жылдарға арналған бұл бағдарламаға сәйкес қалада хоккей корты, белтемір мен гимнастика орталықтары бой көтермек. Жаңадан үш БЖСМ салынбақ. Облыстық балалар, жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фоминнің пікірінше, өңірде спорттық туризм кенже қалып отыр.