Батыс Қазақстанда жаңа көпір іске қосылды

ОРАЛ. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Шыңғырлау ауданы Ащы өзенінде жаңа көпір пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан орталығынан шалғай орналасқан Белогор, Полтава селолық округтерінің тұрғындары көктем айларында Ащы өзенінің тасуы кезінде жол қатынасы тұрғысында көптеген қиындықтарға кездесетін. Сондықтан да бұл мәселе бірнеше жылдардан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан еді. Өткен жылы осы жерде көпір құрылысы қолға алынып, бұл мақсатқа облыс бюджетінен 195 млн. теңге қаржы бөлінген болатын.

Ата Заңымыздың 15 жылдық мерекесіне орай көпірдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов, аудан әкімі Айболат Сейтақов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының міндетін атқарушы Талғат Қарасаев және құрылысты жүргізуші «ОрионСтрой сервис» мекемесі директорының орынбасары Сәлімжан Кубаев жергілікті тұрғындарға жақсылық тілеп, жаңа нысанның пайдалануға берілуімен құттықтады. Аталмыш нысан облыс бойынша салынып отырған 62-ші көпір. Оның ұзындығы - 63 метр.

Полтава ауылының ақсақалы Есмағзом Шамғұлов Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді.