ОРАЛ. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында жасөспірімдер қылмысының өсуі алаңдатып отыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің төрағалығымен өткізілген кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Манарбек Ғабдуллиннің мәлімдеуінше, облыста өткен жылы 232 қылмыс ( 2008 жылы - 201 ) жасалса, соның алтауы Теректі, 19-ы Зеленов ауданының үлесіне тиеді. Ал Бөрлі ауданында жасөспірімдер қылмысы 80, Орал қаласында 24,4 пайызға өскен. Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша да жағдай мәз емес. Өңірде кәмелетке толмағандар қылмысы 52-ден 80-ге жетіп, 54,8 пайызға өссе, Бөрлі ауданында 150 ( 4-тен 10-ға ), Оралда 54,3 пайызға ( 35-тен 50-ге ) көбейіп кетіп отыр.
Отырыста аталған аудандар мен Орал қаласындағы жағдай талқыланып, тиісті шаралар алу қажеттігі атап көрсетілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).