ОРАЛ. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясында қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хамза Есенжановтың 105 жылдығына орай «Даласына лайық дарын» атты әдеби-сазды кеш өткізілді.
Хамза Есенжанов - атақты «Ақ Жайық» трилогиясының, «Жүнісовтер трагедиясы» романының авторы. Жазықсыз «халық жауы» атанып, ғұмырының он жеті жылын тар қапаста өткізсе де, соңына өлмейтін мұра қалдырған қаламгер туралы әдебиетші-ғалымдар Серікқали Шарабасов, Мұрат Сабыр, Азамат Мамыр, сондай-ақ «Ақ Жайық» трилогиясы кейіпкерлерінің ұрпақтары сыр шертіп, студенттер жазушыға арналған өлеңдер оқыды. Соңғы жылдары ерлі-зайыпты тарихшылар Сайлау және Дәметкен Сүлейменовтердің Хамза Есенжанов туралы естелік кітаптар құрастырып, өңірде түрлі шаралар өткізуге мұрындық болып жүргені, жазушы туындыларының республика көлемінде де насихатталуы, оқулықтардан тиісті орнын алуы керектігі айтылды.
Ертең осындай шара «Қайсар қаламгер» деген атпен Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында да өтеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).