ОРАЛ. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында биылғы сегіз айда 473 өрт тіркеліп, соның салдарынан 16 адам жарақат алып, жеті кісі мерт болды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің аға маманы Дәмет Жұмағұлованың ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, өткен жылы осы мерзімде 436 өрттен 22 адам зардап шегіп, 14 кісі қаза тапқан еді. Өткен жылы өрттен келген шығын 216,72 млн. теңгені құраса, биыл 233,1 миллионнан асты.
Жыл басынан бері Оралда 200 өрт болса, Бөрлі мен Зеленов ауданында - 45, Теректіде - 35, Ақжайықта 29 осындай оқиға тіркелді. Өрттің 80-і қасақаналықтан шықса, 85-і электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбаудан, 187-сі отпен абай болмаудан орын алды.
Жалпы, сегіз айда облыста 533 төтенше жағдай тіркеліп, соның ішінде 23 адам суға кетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).