ОРАЛ. 18 қазан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жалгерлік, несиелік үйлердің құрылыстарына және инженерлік инфрақұрылымдарға республикалық бюджеттен 6741,8 млн. теңге бөлінген.
Жыл соңына дейін барлық қаржыландыру көзі арқылы пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 204,4 мың шаршы метрді құрайтын болады.
«Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» АҚ БҚО филиалының директоры Қуанышбек Хамзиннің айтуынша, 2011-2014 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының ішіне кірген. Осы бағдарлама аясында несиелік жүйе бойынша тұрғын үй салудың жоспары биыл облысымызда артығымен орындалды. Яғни төрт үй салынып отыр. Оның біріншісінде қоныс тойы тойланды, ал әрқайсысы 90 пәтерлік қалған 3 үй жыл соңына дейін пайдалануға берілмекші.
Ал өңірде жалгерлік тұрғын үй салу үшін республикалық бюджеттің трансферттері есебінен 1691,8 млн. теңге қарастырылған. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша аудандарда бір пәтерлі тоғыз және екі пәтерлі бес үй пайдалануға берілді. Орал мен Ақсай қалаларында әрқайсысы 75 пәтерлік үш үйдің құрылысы басталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).