ОРАЛ. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Зеленов ауданы Өркен ауылына табиғи газ жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш елді мекендегі газ алауын жағу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімовтің атап өткеніндей, соңғы жылдары облыс аудандарын газдандыру қарқынды жүргізіліп келеді. Қазіргі кезде тұрғындарды газбен қамту 78 пайыз болса, бұл жыл аяғына дейін 82 пайызға жетпек.
БҚО елді мекендерін газдандырудың 2006-2010 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасына сәйкес аталмыш ауылға ұзындығы 12,2 шақырым газ құбыры тартылды. Енді осындағы 73 үй мен әлеуметтік нысандар «көгілдір отынның» рахатын көрмек. Газ құбырын тарту жұмыстарын «Батысгазстрой» ЖШС (басшысы Сапарғали Айтқалиев) уақтылы әрі сапалы атқарып шықты.
Бұрын Степной аталған ауыл биыл Өркен болып өзгертілген еді. Енді, міне, сол ауылға газ келді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).