Батыс Қазақстанның жан-жақты дамыған, донор облысқа айналуына толық мүмкіндігі бар - Қ. Көшербаев

ОРАЛ. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - 20 желтоқсан күні БҚО әкімдігінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен өңірді дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.

Жиында баяндама жасаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев биылғы жылдың қорытындыларына тоқталып, сонымен қатар шешімін күткен мәселелерді де ортаға салды. Биыл Батыс Қазақстанда қуаңшылыққа байланысты егіннің шықпай қалғаны белгілі. Соған байланысты өңір шаруаларының алған несиелерінің (340 млн. теңге) қайтару мерзімін келесі жылғы желтоқсанға дейін ұзарту жайы айтылды. Сол секілді «Жайықжылуқуат» АҚ-ның резервтік қорын қалыптастыруға, жыл сайын су басу қаупі төнетін Бөрлі ауданы Облавка елді мекені тұсындағы Жайық өзені жағалауын бекіту жұмыстарына қаржы қажет. Орал қаласындағы кәріз жүйесінің 90 пайызы тозығы жетіп тұр. Бұған қоса №2 жылу магистралын жаңғырту керек. Бұл екеуі 400 млн. теңгедей қаражатты қажет етеді.

Оңтүстік аудандар тұрғындарының облыс орталығымен қарым-қатынасының қиындығы көптен бері айтылып келеді. Осыны жеңілдету үшін Ақтөбе-Шыңғырлау-Орал-Озинки-Жәнібек-Шоңай-Астрахан бағытында пойыз қатынасы шешілсе, жақсы болар еді. Облыстың алты ауданына жеткізетін қатқыл табанды жолдың жоқтығы да мәлім. Бұл мақсатқа жыл сайын 1,4 млрд. теңге бөлініп келеді. Алдағы жылы қатқыл табанды жол салуға 6 млрд. теңге қарастырылса, мәселе жеңілдер еді. Өңірдің Жәнібек, Қазталов, Шыңғырлау секілді шалғай аудандарында жанар-жағар май бекеттері аз болғандықтан, оның бағасы да әжептәуір. Осы аудандардан «ҚазМұнайГаз» жанар-жағар май бекеттері салынса, баға түсер еді. Сол секілді нан бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында Қостанай сынды астықты өңірлерден ұн жеткізілсе, едәуір көмек болар еді.

Жиында сөз сөйлеген Қырымбек Көшербаев Үкімет тарапынан аталмыш мәселелер бойынша барынша қолдау болатынын, сонымен бірге өңір экономикасын әртараптандыру қажеттігін атап көрсетті. Өйткені облыс негізінен мұнай мен газға тәуелді. Бұдан басқа құрылыс индустриясын дамытуға, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуге баса мән беру қажет. Сондай-ақ қорғаныстық және азаматтық мақсаттағы басқа да өнімдерді шығара алатын кәсіпорындар бар. Қысқаша айтқанда, Батыс Қазақстанның жан-жақты дамыған, донор облысқа айналуына мүмкіндігі толық жетеді. Тағы бір маңыз беретін мәселе, өңірдің салықтық базасы төмен, мұны да молайту көздерін іздестіру керек. Батыс Қазақстан Ресейдің бес бірдей облысымен шектеседі. Соңғы жылдары Қазақстанда ресейліктермен бірлескен кәсіпорындар көптеп ашылып жатса, Батыс Қазақстан бұл жағынан мақтана алмайды. Шын мәнісінде көршілес аймақтармен инновациялық жаңалықтарды өндіріске енгізу бағытында, ғылым және басқа салаларда өзара тиімді байланыс орнатуға болар еді. Ең бастысы, облыс бәсекеге қабілетті болуы керек.

Жиында өңірге қатысты басқа да көкейкесті мәселелер көтерілді, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданатын болады.