Батыс қызығатын клиника ашылды - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 наурыз, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

АҚШ-тағы биіктігі жағынан екінші орынды иеленетін Уиллис-тауэр атты (бұрын Сирс-тауэр деген атпен белгілі болған) Чикаго қаласындағы зәулім ғимаратты Blackstone Group LP инвестициялық қоры офистік нысан ретінде сатып алды, деп жазады "Егемен Қазақстан" бүгінгі санындағы "Ең зəулім ғимарат сатылды" атты мақаласында.

Басылымның жазуынша, Уиллис-тауэрдің сатылу бағасы 1,3 миллиард долларды құраған екен. Бұл Нью-Йорк қаласынан тыс жердегі рекордтық бағаға сатылған алғашқы офистік ғимарат болып отыр. Жалпы аумағы 353 мың шаршы метрді құрайтын заңғар нысан 110 қабаттан тұрады. Ғимараттың 103-ші қабатында арнаулы көру алаңы орналасқан. Құс қанаты жетер осы биіктіктен Чикаго қаласы алақанға салғандай көрінеді екен. Бұл көру алаңын жыл сайын 1 миллионнан астам туристер тамашалайды. Заңғар нысанның бұрынғы иелері Ллойд Голдман және Джозеф Четрит деген алпауыттар екен. Олар кезінде, яғни 2004 жылы бұл ғимаратты MetLife атты сақтандыру мекемесінен 841 миллион долларға сатып алыпты.

Кеше Ұлттық музейде «Ұлттық музейге сый тарту» акциясына орай танымал мәдениет және ғылым қайраткерлері, белгілі спортшылар мен көрнекті тұлғалардың ұрпақтары қатысуымен салтанатты шара өтті, деп жазады аталған басылым.

Автордың мəліметінше, акцияның ашылу рәсіміне Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысып, игі бастаманың мұнан әрі қарай еліміздің барлық өңірлерінде жалғасын табарына сенім білдірді. Ел арасында еленбей келген тарихи маңызы зор құнды заттарды, ірі тұлғалар тұтынған жәдігерлерді Ұлттық музейге тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қазіргі таңда Қазақстанда 280-ге тарта музей барлығын, оларда 4 миллионға жуық құнды жәдігерлер сақтаулы тұрғанын тілге тиек ете келіп, солардың ішінде әсіресе, Елбасының идеясымен бой көтерген Ұлттық музейдің орны біз үшін ерекше болып табылатынын айтты. Бүгінде Орталық Азия бойынша ең үлкен мәдениет ошағының бірі болып есептелетін бұл музейде қазірдің өзінде 600 мыңға жуық құндылық сақтаулы, деген Үкімет басшысының орынбасары ұлттық тарихымызды ұлықтау, бүгінгі жетістігімізді әрі қарай жалғастыру мақсатында биылғы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы мен Конституцияның 20 жылдығына орай іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанын алға тартты.

Құндылықтарды түп-түгел түгендеп шығу тағы мүмкін емес. Олар - 1869 жылы жасалған Бидің төсбелгісі, К.Әзірбаевтың бала кезіндегі домбырасы, өз қолымен жасаған сылдырмағы, ақын Ж.Жабаев сыйға тартқан К. Әзірбаевтың кемер белдігі, Ж. Тәшеновтің костюмі, Қ.Мырза Әлінің шапаны, қаламсабы, көзілдірігі, қойын дәптері, қол сағаты, Г.Ысмайылованың қылқаламдары, қамзолы, сәнді сөмкелері, Ж.Нәжімеденовтің шығармалар жинағы, пиджагі, галстугі, Ш.Қалдаяқовтың күлсалғышы, қаракөл бөрігі, Қ.Қайсеновтің қылышы, Ж.Үшкемпіровтің алтын медальдары, О.Шишигинаның киімі, С.Сәпиевтің алтын медальдары, В.Смирновтың спорттық комбинезоны, Е.Қариннің жеке коллекциясынан 100 жебе, тағысын тағы алуан-алуан заттар. Әрқайсысы бір-бір тағдыр, бір-бір тарих. Өткен кезеңнің өшпес бояуы. Ал әлі сыры ашылмаған жәдігерлердің тылсым құпиясы тарихтың мұнан да терең қабатына тарта түседі. Мақала "Өткенін танымығанның өресі тар" деген тақырыппен берілген.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында "Эфирдің ұлттық келбеті" деген тақырыппен проблемалық мақала беріліп отыр. Басылымның жазуынша, белгілі жапон сыншысы Мидзумура Минаэ «ұлт болып қалудағы басты құндылықтың бірі - ұлттық киім» деп атап кеткен екен. 12 жасында АҚШ-қа оқуға кетіп, сол елде ұзақ жылдар тұрақтап, ғұмыры мен ғылым тәжірибесіндегі негізгі миссиясы «алпауыт елде өз ұлтының жағымды имиджін» қалыптастыру екенін түсінген жазушының: «Америка елі шығыс жұртының салт-дәстүр, ұлттық киімдері мен тағамдарына ерекше қызығады. Мен жүрген ортада жапондардың ұлттық мейрамдары мен киімдеріндегі әртүрлі белгілерді сұрастырып, ықылас танытып жатқанда, бойымды мақтаныш сезімі кернеп, ерекше қуанатынмын. Бірақ кейін елге келіп, жапон жастарының ұлттық киім мен салт-дәстүрге деген қызығушылығының төмен екенін көргенде, сол Америка еліндегі сөзбен сипаттап жеткізу мүмкін емес сезімім су сепкендей басылған еді. Біздің елдегі ұлттық киімге деген махаббат тек ұлтқа тән мейрамдар кезінде еске алынып, тележүргізушілердің эфирге шығар сәтінде ғана сезіледі» деп заманның ағымымен алысқан жастарға налып жазғаны бар.

Рас, қолда бар алтынның қашанда қадірі болмайтыны анық. Мидзумураның меңзегені тек жапон жұртында орын алып отырған оқиға емес. Қазақ халқына тән кез келген ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық киімдерінің безендірілу философиясын терең түсінген әрбір қазақтың бойын кернеген мақтаныш сезімі Минаэнің сол кезде сезінген сезімінен кем түспейтіні анық.

Қазақ халқының ұлттық киімдерінде оның этникалық тарихы мен экономикалық, әлеуметтік және табиғи ортаның ерекшеліктерінен туын­дайтын көне дәстүрлері бой көрсетеді. Десек те, біздегі қазақы көйлек, бешпет пен шапан, кимешек пен сәукеле, шолпы мен шашбау және тағысын тағылары тек ұлтқа тән жалғыз мереке - Ұлыстың ұлы күнінде еске алынып, ерекше әспеттелетіні болмаса, кәдімгі күнкөрісте көзден ғайып болатыны рас. Жапон жұртында жоқ дегенде жүргізушілері эфирге киіп шығып еске салса, бізде ол да жоқ. Қытай, Корей елдерінде де бұл құбылыс қалыптасқан екен. Яғни жаңалықты жүргізетін дикторлар мен кейбір бағдарламалардың жүргізушілері күнделікті эфирге ұлттық киімде шығады. Мәселен, корейлік SBS арнасынан көрсетілетін бағдарламалардың 50 пайыздан астамын корейдің ұлттық киімдерін киіп шығатын тележурналистер жүргізеді. Тіпті телеарнаға конақ ретінде шақырылатын әншілер мен актерлерге де бағдарлама барысында ұлттық киімдер кигізетін сәттер болады екен. Сонымен қатар кейбір ТМД ел­дерінде де эфирге ұлттық киімде шығу үрдісі жақсы сақталған. Қырғыздар тіпті ұлттық киім үлгілерінің халық арасында танымалдығын арттыру мақсатында Жалал-Абад қаласында жергілікті әкім аппаратының шенеуніктері мен басқа да мемлекеттік мекеме қызметкерлері әр жұма сайын жұмысқа ұлттық киім киіп келуді әдетке айналдырған.

Ал бізде қалай?! Отандық арналар ұлттық киім дегенде ішер асын жерге қоймаса да, соңғы уақытта кейбір тележүргізулер бұл мәселенің тереңдігін түсінгендей. «Айтуға оңай» бағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбек, КТК телеарнасының жаңалықтарын жүргізетін Жанат Бақыт, Мәдина Балғабаева сынды бірқатар журналистер таза ұлттық киімде болмаса да, ұлттық ою-өрнектермен безендірілген киімдермен эфирге шығуды жақсы дәстүрге айналдырып үлгерді. Ал басқа арналар мұндай мәртебелі құбылысты тек Ұлыстың Ұлы күніне арнайы жасалатын бағдарламалар барысына қалдырған екен. Мәселен, «Астана ТВ» арнасының тележүргізушілері мереке күндері «Әз-Наурыз» деп аталатын 30 секундтық құттықтау роликтері кезінде ұлттық киімде эфирге шықса, 31 арнасы бағдарламалар арасында ұлттық киім киген актерлер мен биші қыздарды үш күн бойына көрсетеді.

Отандық арналардағы тележүргізушілер мерекеден басқа күндері басына сәукеле, үстіне қазақы көйлек пен бешпет киіп, яки шапан жабылып шықпаса да, қазақ халқының ою-өрнектерімен безендірілген заманауи үлгідегі костюмдер киім шықса, қандай әсем ерекшелік болар еді. Бүкіл айнала бірсарынды қалыпқа енген заманда, батыстың менталитетімізге келмейтін үлгілерін меңгеріп, ерекшелік іздеп әуреге түскенше, ұлттық қорымызды бағалап, барынша ұлтқа тән құндылықтарға неге сый-құрметпен қарамасқа?! дейді мақала авторы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Президенттің Іс басқармасы Медициналық орталығының жаңа «Клиникалық-оңалту кешенінің» ашылуына қатысты. Осы заманауи клиниканың ашылуымен бірге еліміздегі медициналық туризм де жаңа кезеңге шығуы ғажап емес, деп жазады "Айқын" бүгінгі санындағы "Батыс қызығатын клиника ашылды" деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, кешендегі емдеу бөлмелерін аралап, оның ем-дом жасау әлеуетімен жан-жақты танысқан Мемлекет басшысы онда дүниежүзіндегі ең үздiк техниканың барлығы дерлік жиылғандығын жеткізді. «Істеріңіз табысты болсын, құтты болсын!» дедi аурухана ұжымымен кездескен Н.Назарбаев.

Қазақстан көшбасшысы жаңа клиникалық кешенге бүкiл Қазақстаннан ғана емес, сондай-ақ шетелден азаматтар емделуге келетiндiгіне сенiмiн бiлдiрдi.

Аурухана ұжымы өз кезегiнде Елбасыға жұмысқа жақсы жағдайлар жасағаны, заманауи кешен және ондағы ең озық техникалар үшiн алғысын бiлдiрiп, сырқат­тарға лайықты емдеу қызметін көрсетуде бар бiлiмi мен бiлiктiлiкті сарқа пайдалануға уәде бердi.

Прези­денттің Іс басқармасының жаңа «Клиникалық-оңалту кешені» Қазақстан үшін жаңа жоба бойынша жасалған. Мұнда амбулаториялық-емханалықтан бастап, кейінгі сауықтыру-реабилитацияға дейінгі медициналық көмек көрсетудің барлық кезеңдері қарастырылған.

Бүкіл аурухана «ақылды ғимарат» қағидаты бойынша толық автоматтандырылған. Яғни, тіршілікті қамтамасыз етудің негізгі жүйелерін басқару автоматты түрде жүзеге асырылады. Медициналық орталық ең соңғы инновациялық шешімдерді пайдаланатын және ендіріп отыратын болады

***

Лондон архитекторлары инновациялық дизайнды ғимараттың жобасын жасап шығарды. Олардың айтуынша жаңа зəулім ғимараттың көлеңкесі болмайды, деп жазады "Казахстанская правда" газеті "В Л ондоне построят не отбрасывающий тен небоскреб " атты мақаласында.

NBBJ компаниясының жасаған дизайны бойынша гысанда бірге жұмыс жасайтын екі мұнара болады. Олардың біреуі екіншісінің көлеңкесіне күн сəулесін шағылыстырып түсіріп, сол арқылы бір-бірінің көлеңкелерін жоғалтып тұратын болады.

Ғимараттардың ерекше формаларына байланысты олардың шағылыстыратн жарықтары күні бойы көлеңкелермен бірге қозғалып отырады. Осылайша ғимарат айналасындағы көлеңке 60% қысқарады.