«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бес күндік жиынға Орал, Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Жаңаөзен қалаларында орналасқан әскери бөлімдерден келген үздік мамандар қатысты. Олар жиын барысында білім-біліктерін жетілдіріп, өзара тәжірибе алмасты.
«Батыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Исатай Жәрдемовтің атап өткеніндей, елімізде 2012 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан мұндай байқау-жиын кәсіби жағынан мойны озық, шебер жүргізушілер мен БТР экипаждарының мүшелерін анықтауға, олардың шеберлігін шыңдауға септеседі.
Байқау қорытындысында 6656-әскери бөлімнің (Ақтау) экипажы (командирі, аға лейтенант Олжас Артықов, жүргізуші-механик, кіші сержант Нұрсұлтан Киненбаев, нысана көздеуші, қатардағы жауынгер Құрмет Қаспақов) «Үздік БТР экипажы» аталымы бойынща жеңімпаз атанды. Осы әскери бөлімнің старшинасы Ғани Жұмаділлаев «Үздік жүргізуші» атағын иеленді.
Барлық жеңімпаз-жүлдегерлер кубок, дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.