«Батыс су арнасы» ЖШС «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес жаңа жобаны қолға алды

ОРАЛ. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - «Батыс су арнасы» ЖШС «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2013-2015 жылдарға арналған суға тарифтерді қалыптастырудың жаңа тетіктерін енгізудің кешенді жоспарының жобасын жасады.

ЖШС директорының орынбасары Өтеғали Хакімовтің айтуынша, жаңа жоба таяуда қайтадан құрылған мекеменің (бұрынғы «Орал су арнасы» МҚК) жұмысын жандандыруға септігін тигізбек. Қазіргі таңда мекемеде қаржы тапшылығына байланысты жаңғырту және жетілдіру жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай отыр. Кәсіпорын теңгеріміндегі су құбырлары мен кәріз жүйесінің біраз бөлігі ескірген, жұмыс жасауға қажетті құрал-жабдықтар да жаңартуды қажет етуде. Нақтырақ айтқанда, су құбырының 69,4 пайызы, кәріз жүйесінің 67,9 пайызы, сорғы құрылғысының 88,5 пайызы, электротехникалық құрал-жабдықтардың 93 пайызы әбден көнерген. Оның үстіне кәсіпорын қызметкерлері мен жұмысшыларының жалақысы да төмен, бұл жағдай мекемеде кадр тұрақсыздығын туғызуда. Осыған байланысты кәсіпорын биыл жоғарыдағы жоспар жобасын жасақтап, жұмысты ширатуды қолға алды. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жасалған жоба бойынша су тұтыну қызметіне байланысты нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу көзделуде. Сондай-ақ тұрғындарды сумен қамтамасыз ету мекемелерінің өндірістік базасын жаңғыртып, оның жұмысын жетілдіру үшін мемлекеттік жеке серіктестіктерден инвестиция тарту жоспарлануда.