ОРАЛ. 25 қазан. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық жасөспірімдерден құралған «Батыс-Вест2» командасы Оңтүстік Қазақстанда өткізілген құрама туризмнен ҚР чемпионаты және туристік көпсайыстан ел кубогы финалының абсолютті жеңімпазы атанды.
Облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығынан түскен мәліметке қарағанда, Ақжайық ауданы С.Ошанов атындағы орта мектеп ұстазы, өңірдің 2012 жылғы үздік туризм ұйымдастырушысы М.Досқалиев жетекшілік ететін, құрамында Н.Ермекқалиева, А.Темірбаев, З.Нұрсайынов, Ш.Бақтияров бар аталмыш команда Астана мен Шымкенттен келген негізгі қарсыластарын артқа қалдырып, екі жарыстан да озық шықты. Сырым аудандық жас туристер стансасының әдістемешісі Ж.Есламғалиев бастаған облыстың екінші командасы (А.Өтебай, М.Тілеу, А.Жақсылықов, К.Мұхит) да табысты өнер көрсетіп, үшінші орынды иеленді.
Марат Досқалиевтің айтуынша, бұл биіктен көрінуге ұзақ жылғы жаттықтырулар мен түрлі жарыстарда жинақталған тәжірибе, облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының көмегі көп болды. Ауыспалы кубок қазіргі кезде аталмыш орталықтың мұражайына тапсырылды, батысқазақстандықтар оны алдағы жылдары да өздерінде қалдыру үшін жұмыстанатын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).