ОРАЛ. ҚазАқпарат - Афины қаласында грек-рим күресінен ардагер спорт шеберлері арасында өткен әлем чемпионатында батысқазақстандық Нариман Қайырманов күміс жүлдені жеңіп алды.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, аталған жарысқа әлемнің 40 елінен балуандар қатысты.
Нариман 41-45 жас аралығындағылармен 69 келі салмақ дәрежесінде күш сынасты. Ол алдымен словак спортшысын 8:0, сосын грек балуанын 8:2 есебімен ұтты. Тек финалда ғана тағы бір грек спортшысына 3:5 есебімен есе жіберді. Бұл салмақ дәрежесінде барлығы 11 балуан белдесті.
Айта кетейік, Нариман Қайырманов - грек-рим күресінен ардагер спортшылар арасында әлем чемпионатының бес мәрте жүлдегері.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).