ОРАЛ. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Батысқазақстандықтар Қызылорда қаласында тоғықұмалақтан жасөспірімдер арасында өткен ел біріншілігінен олжалы оралды.
Еліміздің барлық өңірінен қатысқан үш жүзге жуық ойыншы жас ерекшеліктеріне қарай алты топқа бөлініп, сынға түскен. Швейцарьлық жүйеге сай өткен бұл сайыста 18 батысқазақстандық жас облыс намысын абыроймен қорғады. Нәтижесінде жекелей классикалық ойында 12 жастағы ұлдар тобында тоғыз турдың қорытындысы бойынша 8 ұпай жинаған Әсет Қайыржанов (№19 мектеп) чемпион атанса, 12 жастағы қыздар тобында Ализа Ерниязова (№44 мектеп) қола жүлдеге қол жеткізді. Қанапия Қаяпбергенов жаттықтыратын бұл екі оқушы - қалалық мектептен тыс жұмыс орталығындағы тоғызқұмалақ үйірмесінің тәрбиеленушілері. Сөйтіп, олар спорт шеберлігіне үміткер деп танылды. Сондай-ақ жекелей блицте (шапшаң ойын) Бауыржан Ахметқалиев (жаттықтырушысы Д.Әбдікәрімов) 3-орынға табан тіреді.
Жарыс жеңімпаздарына күзде Қостанай қаласында өткізілетін Азия чемпионатына жолдама берілді. Олардың ішінде Әсет те бар.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).