ОРАЛ. Шілденің 31-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батысқазақстандық балуан Артур Үмбетқалиев жастар арасында грек-рим күресінен Түркияның Анкара қаласында тамыздың 2-сінде басталатын әлем біріншілігінде ел намысын қорғайды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұрын кадеттер арасында Азия біріншілігінің жүлдегері атанған Артурдың табысы жыл сайын еселеніп келеді. Биыл Филиппин астанасы Манила қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Артур Үмбетқалиев қарсыластарының бәрін ұтып, чемпион атанды. Кейінгі кезде Алматы қаласында тұрып, жаттығып жүрген ол 19 жаста. Бапкері Мұрат Жұмашев, Қаратөбе ауданында тұратын ата-анасы Қойшығұл мен Рабиға Артурдан үлкен үміт күтеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).